![](https://pedcollege2.kz/wp-content/uploads/2024/04/2-логотип-АГГПК-№2-350x350.png)
![](https://pedcollege2.kz/wp-content/uploads/2024/04/2-логотип-АГГПК-№2-350x350.png)
24 желтоқсанда Қазақстан Жазушылар кітапханасында «Қалам ұшындағы ғұмыр» атты қаламгерлерімізбен, өнер майталмандарымен жаңа-жылдық кездесу кеші өтті. Іс — шараға №2 Алматы гуманитарлық педагогикалық колледж білім алушылары мен кітапханашы Р.М.Артыкбаева және білім беруші А.А. Ахметова қатысты.
Мереке аясында ұйымдастырылған кездесу кешіне жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабеков, баспагер, журналист, жазушы Кәдірбек Сегізбайұлы, театр және кино актеры, режиссер, Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсынов, ақын Әділғазы Қайырбеков қатысты. Шараны ақын Бақыт Беделхан жүргізіп отырды. Д. Исабеков өзінің жазушылық өмірінен сыр шертіп, оқырман жүрегінен орын алған шығармаларының жазылу тарихы мен мазмұны жайында кеңінен әңгіме қозғады. Алғашқы қалам тербеу сәтін, өміріндегі айтулы оқиғалар мен қызықты жайттарды баяндады. Сөз арасында жазушыға оқырман жастар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, кештің көркін қыздыра түсті. Әдебиет әлемі жайлы ғана емес, ұлт тағдыры, ел тыныштығы, жастар тәрбиесі жайында да тереңірек сөз қозғап, жастарға аталық ақ баталарын берді. «Гаухартас» пьесасынан «Келші айым» әнін барлығы қосыла шырқады.Бұл кездесу жастар үшін үлкен шабыт пен жаңа идеяларға бастау болып,шығармашылық ізденістерге қанат бітіретіні анық.
Жүздескен өнер иелеріне шығармашылық табыстар тілейміз . Шара соңында жиналған қауым қаламгерлермен және өнердің майталмандарымен естелік суреттерге түсті.